Астана қаласы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2023 жылғы 12 қаңтар күні Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында «Мектепалды сыныптарының құжаттарын тиімді құру жолдары» тақырыбында қалалық оқу семинары өтті.
Іс-шара мақсаты мектепалды сынып педагогтеріне жаңа бағдарлама ерекшеліктерін түсіндіру және әдістемелік көмек көрсету болып табылады.
Семинар барысында Әдістемелік орталық әдіскері Б.К. Әзімбай іс-шара мақсаты мен бағдарламасын таныстырып, мектепалды сыныптарында тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыру ерекшеліктерін түсіндірді.
№81 мамандандырылған гимназияның мектепалды сынып педагогі Ш.Мухаметченова «Жаңа бағдарлама негізінде перспективалық жоспар мен циклограмманы құру» тақырыбында сөз сөйлеп, өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Республикалық «Білім айнасы» жобаларының негізін қалаушы, «Шашу» оқу-танымдық кешенінің авторы Қуантай Амантайұлы «Шашу» оқу-танымдық кешені бүгін не ұсынады? Педагог үшін оқыту құралы қандай болу керек?» тақырыбында сөз сөйледі.
Семинар соңында рефлексия жүргізілді, педагогтер кері байланыс беріп, ой-пікірлерімен бөлісті. Семинарға елордалық орта білім беру ұйымдарынан 50-ден астам педагог қатысты. Мектепалды сынып педагогтерімен жұмыс өз жалғасын табады.