Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған семинар

2022 жылғы 20  желтоқсан күні Астана қаласы Әдістемелік орталығы мен  бастауыш сыныптар қауымдастығының ұйымдастыруымен  Ә.Марғұлан атындағы № 40 мектеп-лицейінде  «Бастауыш сыныптың математика сабағында күрделі тақырыптарды оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері» атты бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған қалалық семинар өтті.

Семинардың мақсаты:  Бастауыш сыныптың математика сабағында күрделі тақырыптарды оқытуда кездесетін қиындықтар мен оларды шешу жолдарын, тиімді әдіс-тәсілдерді практикалық тұрғыда көрсету.

Әдістемелік орталықтың әдіскері Н.К.Әзімбай семинарды аша отырып бүгінгі күннің  маңызды мәселесі – бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтті. Қалалық бастауыш қауымдастығының лидері Л.М.Ақылбекова іс- шараның мақсаты мен күтілетін нәтижелерге тоқтала келе бастауыш сыныптың математика сабағында күрделі тақырыптарды оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері жайлы айтты.

  Практикалық бөлімде семинарға қатысушылардан екі топ таңдалып алынды. № 80 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Н. Касимбаева «Логикалық есептер» тақырыбын  сабақтың мақсатын түсіндірген соң «Бонбоньерлер» әдісі арқылы екі топқа бөлуден бастады. Жұптық жұмыста түрлі тәсілдер арқылы бірнеше нұсқаларды тапқызса, жеке жұмыста «Фонарик» әдісі арқылы пікірдің ақиқат немесе жалған екенін тапқызды.

  № 65 мектеп-гимназиясының ұстазы А.Ж.Мустафина  «Үш – үштен заттар комбинациялары» тақырыбындағы сабақта жемістерді үш – үштен комбинациялау жұмысын жүргізіп, киім киюдің үш нұсқасын анықтатып, төрт қабырғаға бірдей етіп орындықтарды үш – үштен қою әдісін тапқызды. Бағалаудың бірнеше түрін көрсетті.

№ 80 мектеп-гимназиясының мұғалімі А.С Ибраева  «Разрядтан аттамай үш таңбалы санды бір таңбалы санға жазбаша көбейту» сабағында смайликтер бойынша екі топқа бөлді. Топтық жұмыста «Ойлан, тап!» әдісімен өрнектің жұп және тақ мәндері бойынша сұрақтың жауабын тапты.   Жұптық жұмыста есептің алгоритмі бойынша планшеттің көмегімен шешуін айтты.

№ 40 мектеп-лицей  ұстазы  А.Ш.  Ажданова  «Бірлескен жұмыс»  тақырыбындағы сабағында шамалар арасындағы қарым-қатынасқа байланысты үш түрлі тапсырма берді, әр тапсырмаға нақты дескриптор құрды.                                                                                                                                           

№ 40 мектеп-лицейінің мұғалімі  Ержан Қобыланды «Тізбектер»  тақырыбындағы сабағында дескриптор бойынша сандар тізбегін жалғастыруға, тұрақтағы автокөлік қойылған орынның нөмірін табуға, сандарды сиқырлы шаршыға орналастыруға берілген тапсырмаларды орындатты.

 № 67 мектеп-гимназия мұғалімі А.Р. Хамзина   «Қозғалысқа берілген есептер»    шығартуда қобдишадан сандарды шашу арқылы 3 және 4 сандарының қасиетін айтқызды. Конверт ішіндегі сурет, мәтін, сандар үшеуін пайдаланып есеп құрастырды.Топтық жұмыста есептің сызбасын сызды, логикалық тапсырмалар орындады.

№ 65 мектеп-гимназиясынан Г.Ж.Кулымбетова және № 80 мектеп-гимназиясынан  Н.С.Абильмажинова кездескен қиындықтар мен жеңіске жету жолдары жайлы ой бөліссе, 65 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі  Б.Е. Нұртай  күрделі тақырыптарды оқытудағы нәтижеге қол жеткізу құпияларымен бөлісті.

 Семинарды Әдістемелік орталықтың әдіскері Н.К.Әзімбай қорытындылады.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған