Жас тәрбиешілерге арналған семинар-практикум

2022 жылғы 28 қыркүйек күні Астана қаласының Білім беруді жаңғырту орталығы  жұмыс жоспарына сәйкес қалалық балабақшалардың жас педагогтеріне «Мектеп жасына дейінгі  балалардың жеке даму картасын жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар» атты  оқыту семинар-практикумын өткізді.  

Іс-шара мақсаты мектепке дейінгі ұйым әдіскерлеріне мектеп жасына дейінгі  балалардың жеке даму картасын жүргізу бойынша әдістемелік көмек көрсету болып табылады.

Орта және мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы А. Есематова  семинар бағдарламасын таныстырып, елордалық мектепке дейінгі ұйымдарда 250-ден астам жас маман қызмет ететінін, іс-шараның жас педагогтерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

Семинар барысында жас мамандарды 5 топқа бөліп, «Менің жеке басымның формуласы» танысу тренингі ұйымдастырылды. 

Орта және мектепке дейінгі білім беру бөлімінің әдіскерлері М. Боранбаева және Қ. Көшен  «Мектеп жасына дейінгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына мониторинг  жүргізудің негізгі тәсілдері» тақырыбында сөз сөйлеп, қазақ және орыс тілдерінде мониторинг, диагностика ұғымдарын, сондай-ақ оларды жүргізу мақсаты мен тәсілдерін түсіндірді.  

«Баланың жеке даму картасын толтыру талаптары» тақырыбында әдіскерлер С. Смайыл және Б. Әзімбай коучинг ұйымдастырды.

Семинар барысында Мектепке дейінгі ұйымдарда және мектепалды сыныптарда  2022-2023 оқу жылында тәрбиелеу-білім беру процесін ұйымдастыру ерекшеліктері, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды реттейтін нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, перспективалық жоспар және циклограмманы жазу жолдары туралы баяндалды.    

Семинар соңында рефлексия жүргізілді, педагогтер кері байланыс беріп, ой-пікірлерімен бөлісті. Олар көкейлерінде жүрген мәселелер талқыланып, маңызды ақпараттар берілгенін атап өтті. Іс-шараға 50-ге жуық мектепке дейінгі ұйымдардың жас педагогтері  қатысты. Жас маман мектебінің жұмысы жалғасын табады.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған