Жас маманды психологиялық қолдау

2022 жылғы 23 қыркүйек күні Астана қаласындағы Білім беруді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен №87 мектеп-гимназиясында бастауыш сыныптың жас мамандарына арналған «Жас маманды психологиялық қолдау» атты қалалық семинар-практикум өтті.

Іс-шара мақсаты – жас мамандардың өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін  арттыру және  психологиялық -әдістемелік  қолдау  көрсету.

Басқосу барысында Білім беруді жаңғырту орталығының әдіскері Әзімбай Нұржамал Кәрімбердіқызы семинар бағдарламасын таныстырып, «Мектепте жас мамандарды қолдауды ұйымдастыру» тақырыбында сөз сөйледі.

Семинарда өз ісінің хас шеберлері, кәсіби шеберліктің шыңында жүрген ұстаздар іс-тәжірибесімен бөлісті. Семинар-практикум барысында жас мамандарға педагогикалық, психологиялық және әдістемелік  қолдау көрсетілді. Атап айтар болсақ, №82 мектеп-лицейінің ұстаздары Қ.Ахметкалиева, А.Оразахимова «Білім беру мазмұнын жаңарту үрдісінде оқушылардың білімін бағалау тиімділігі», №87 мектеп-гимназиясының шебер ұстаздары А.Исмаилова, Г.Султанова «Оқушыға бағытталған оқу – бұл командалық оқыту» тақырыбында өткізген тренинг жас мұғалімдерге білім беру үдерісін ұйымдастыру мәселелері бойынша кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталды. Сондай-ақ, №74 мектеп-гимназия К.Кукенова «Оқушы дағдыларын қалыптастыру жолдары», №24 орта-мектеп А.Исаханова, №93 мектеп-лицей Н.Бекмаганбетова «Үштік одақтың жұмысын ұйымдастыру» тақырыбындағы жұмыс түрлері көптің көңілінен шықты.

Аталған семинар-практикумға елордалық 8 мектеп мұғалімі өз іс-тәжірибесімен бөлісті. №48 мектеп-лицей – У.Кабыкеева «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқу күнін ұйымдастыру жолдары, №38 мектеп-лицей – Д.Барат «Оқушылардың көркем жазуын дұрыс қалыптастыру», №68 мектеп-гимназия мұғалімі К.Өтеген «Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды қолдау» атты өзекті тақырыптарымен бөлісті.

Семинар соңында рефлексия жүргізіліп, жас мамандар өз ойларымен бөлісті. Іс-шараға 200-ден аса жас бастауыш сынып маманы қатысты.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған