«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында білім беру үдерісін ұйымдастыру» атты вебинар

2022 жылғы 20 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығы Жас маман мектебінің жұмыс жоспарына сәйкес қалалық балабақшалардың жас педагогтеріне «Мектепке дейінгі білім беру  ұйымдарында білім беру үдерісін ұйымдастыру» атты  вебинар өткізді. Модераторы орта және мектепке дейінгі білім беру бөлімінің әдіскері Д. Тусупова.

Вебинарда мектепке дейінгі білім беру педагогтеріне қатысты өзекті әдістемелік мәселелер қарастырылды. Білім беруді жаңғырту орталығы басшысының орынбасары Д. Байтасов аталған іс-шараның бағдарламасын таныстырып, елордалық мектепке дейінгі ұйымдарда 250-ден астам жас маман қызмет ететінін, іс-шараның жас педагогтерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

«Балабақшаның оқу-тәрбие жұмыстарында басшылыққа алынатын негізгі нормативтік құжаттар» тақырыбында сөз сөйлеген орта және мектепке дейінгі білім беру бөлімінің әдіскері М. Боранбаева Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарлары, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы, Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары туралы айтты.

 Орталықтың мониторинг және талдау бөлімінің басшысы А. Рамазанова «Педагогтерді аттестаттау, педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау)» тақырыбында сөз сөйлеп, педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын түсіндірді.

Вебинар соңында рефлексия жүргізілді, педагогтер кері байланыс беріп, ой-пікірлерімен бөлісті. Олар көкейлерінде жүрген мәселелер талқыланып, маңызды ақпараттар берілгенін атап өтті. Іс-шараға 100-ден астам мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері мен әдіскерлері қатысты. Жас маман мектебінің жұмысы жалғасын табады.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған