2025 жылғы 24 желтоқсанда Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен «Мектепішілік бақылау: талдаудағы проблемалық мәселелерді анықтау және оларды ІІ бөлімде шешу» тақырыбында қалалық семинар-практикум өткізілді.
Іс-шараға елорданың мектептеріндегі оқу жұмысы жөніндегі және бейіндік оқыту жұмысы жөніндегі директор орынбасарлары қатысты. Семинардың негізгі мақсаты – мектепішілік бақылау барысында анықталатын проблемалық мәселелерді талдау, оларды шешудің тиімді жолдарын айқындау және білім сапасын арттыруға бағытталған тәжірибе алмасу болды.
Пленарлық бөлімде оқу үдерісінің сапасын бақылау, проблемаларды дер кезінде анықтау және оларды шешуді жоспарлаудың маңызы талқыланды. Қатысушылар мектепішілік бақылауда қолданылатын құралдар мен талдау алгоритмдері туралы ақпарат алып, тиімді басқарушылық шешім қабылдауға бағытталған мазмұнмен танысты. Психологиялық тренинг барысында қатысушылар бірлескен жұмысқа бағытталған командалық өзара әрекет тәсілдерін меңгерді.
Семинардың тәжірибелік бөлігі төрт шебер-сынып форматында өтті. Қатысушылар сабақ үдерісін бақылау критерийлерін талқылап, Lesson Study шеңберінде әрекеттерді жоспарлау, пәндік бақылау нәтижелерін талдау және сыныптағы оқу жағдайын бағалау бойынша әдістемелік ұсыныстар алды. Әр топ практикалық мысалдармен жұмыс жасап, мектепішілік бақылаудың нақты жағдайларына негізделген тапсырмаларды орындады.
Қорытынды кезеңде рефлексия жүргізіліп, семинар мазмұны мен тәжірибелік жұмыстың тиімділігі талқыланды.
Кері байланыс нәтижелері бойынша семинардың ұйымдастырылуы мен мазмұны жоғары деңгейде бағаланып, мектепішілік бақылауды жетілдіруге арналған пайдалы кәсіби алаң ретінде атап өтілді.








