№46 Кешен оқушыларының халықаралық жетістіктері: DSD сертификаттары мен Германия ЖОО-ларына оқуға арналған гранттар

2025 жылғы 15 мамыр күні «Оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытудың заманауи әдістері» атты қалалық семинар аясында №46 Кешеннің 24 оқушысына халықаралық DSD II тілдік дипломдары табысталды.

Аталған сертификаттар неміс тілін (B1–C1) жоғары деңгейде меңгергенін растайды және Германияның жоғары оқу орындарына қосымша тілдік емтихансыз түсу мүмкіндігін береді.

Дипломдарды тапсыру салтанатын Қазақстан Республикасындағы Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен ханым жүргізіп, №46 Кешеннің педагогикалық ұжымына оқушыларды жоғары деңгейде даярлап, олардың тілдік және зерттеушілік әлеуетін дамытуға жасаған жағдайлары үшін алғыс білдірді.

Іс-шараға мәртебелі қонақтар мен серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда:

• Германияның мектептік білім беру бағытының басшысы Йорг Каснер мырза;

• Қазақстандағы неміс тілі бойынша координатор Марио Шенфельд мырза;

• Қазақстандағы «Мектептер: болашақ серіктестер» (PASCH) бастамасының басшысы Александра Смитс;

• Астана қаласы әкімдігі мен «Әдістемелік орталық» МКҚК өкілдері.

Кешеннің ерекше мақтанышына айналған түлектері — Исакова Ромина мен Медеуова Линара, Германияның жетекші университеттерінде білім алу үшін DAAD (Неміс академиялық алмасу қызметі) ұйымының толық стипендиясына ие болды. Бұл стипендия оқу, тұру және жол шығындарын толық қамтиды.

Халықаралық деңгейдегі дипломдар мен стипендияларға қол жеткізу — №46 Кешен ұжымының көптілді білім беруді дамыту және «Мектептер: болашақ серіктестер» (PASCH) бастамасы аясындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы көп жылдық мақсатты жұмысының нәтижесі.

№46 Кешен өз оқушыларының жоғары дайындық деңгейі мен шетелде білім алуға дайындығын дәлелдей отырып, әлемдік білім кеңістігіне кіріктіру бағытында сенімді қадам басып келеді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *