2025 жылы 18 сәуір күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК ұйымдастыруымен «Алтын орда» мектебі» ЖШС базасында физика пәні мұғалімдеріне арналған «Lesson Study – тәжірибені жетілдірудің тиімді жолы» тақырыбында қалалық семинар өткізілді.
Семинардың мақсаты – мұғалімдерге Lesson Study әдісінің негізгі қағидалары мен кезеңдерін таныстырып, оның білім беру процесіндегі тиімділігін көрсету, сонымен қатар кәсіби қоғамдастық арқылы мұғалімдер арасында ынтымақтастықты нығайту.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды баяндамалар, тәжірибеге негізделген шеберлік сыныптар, көрнекі сабақтар мен психологиялық тренингтер арқылы қатысушылардың кәсіби дамуына қолайлы орта құрылды.
Пленарлық отырыста Lesson Study әдісін білім беру тәжірибесіне тиімді енгізу жолдары мен мұғалімдердің бірлескен кәсіби дамудағы маңызы талқыланды. Баяндамашылар қатарында Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL және «Әдістемелік орталығы» МКҚК өкілдері болды.
Семинар аясында ұйымдастырылған шеберлік сыныптарда «Алтын орда» мектебінің мұғалімдері Lesson Study әдісін мектеп тәжірибесінде жүзеге асыру жолдарын ортаға салды. Сонымен қатар, Quantum Stem School мұғалімдері Lesson Study әдісінің оқу үдерісіндегі нақты ерекшеліктері мен тиімді құралдарын көрсетті. Мұғалімдер өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, әдістеменің тиімді қырларын нақты мысалдармен дәлелдеді.
Көрнекі сабақтар фестивалі барысында «Алтын орда» мектебінің информатика, математика және физика пәні мұғалімдері зерттеу сабақтарын ұсынып, олардың құрылымы, мақсаттылығы мен оқушылардың нәтижесіне әсері кеңінен көрсетілді.
Семинар соңында Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM SCHOOL және «Алтын орда» мектебінің педагог-зерттеушілері ашық сабақтарға SWOT-талдау жасап, олардың күшті және әлсіз тұстарын саралады.
Психологиялық тренингтер – «Этика общения. Улыбка» және «Біз біргеміз» – қатысушылардың бір-біріне деген сенімі мен кәсіби қолдауын арттыруға бағытталып, семинардың мазмұнын байыта түсті.
Қалалық семинар барысында қатысушылардан алынған кері байланыс нәтижесінде тәжірибе алмасудың маңыздылығы мен Lesson Study әдісінің мұғалімнің кәсіби дамуына оң әсер ететіні айқын көрінді.