2025 жылдың 1 наурызында Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» әдіскері Жанар Сейтахмет және Ы. Алтынсарин атындағы BINOM school мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «Ыбырай Алтынсарин педагогикасы және рухани құндылықтар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция Ы. Алтынсарин мұрасын насихаттаудағы педагогтердің іс-тәжірибелерін республикаға таратуды мақсат етті.
Конференция аясында ағартушы-педагог Ы. Алтынсаринге арналған бюст ашылды. Сонымен бірге Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық мұражайының көшпелі көрмесі ұйымдастырылып, қонақтар мазмұнды да тың ақпараттарға қанық болды.
Конференцияның пленарлық отырысында «Ы. Алтынсариннің стратегтігі және ғылыми методикалық еңбегі» атты баяндамасымен филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Серік Негимов, «Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеялары» тақырыбына Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкері Б.Е. Ахмер, «Музей – тарих шежіресі» тақырыбына Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық мұражайы директоры М.Б. Оспанов сөз сөйлесе, «Ыбырайдың адами болмысы» тақырыбына Ы. Алтынсарин атындағы BINOM school мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, педагог-шебер Хиналхан Күлай баяндама жасап, алғашқы ұстаздың адами болмысы туралы келелі ойларымен бөлісті.
Аумақты іс-шараға республиканың 8 өңірінен 300-ден аса жұмыстар келіп,
олардың ішінде 70 қатысушы-педагог өз жұмыстарын ортаға салып қорғады. Конференцияның секциялық отырысы «Ыбырай мұрасы: қазіргі педагогикадағы адамгершілік және ұлттық құндылықтар», «Кел, балалар, оқылық: XXI ғасыр білім беру мотивациясы», «Дүние қалай етсең табылады?» бағыттар бойынша ұйымдастырылды. Республиканың әр түкпірінен келген педагогтер ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеясының бүгінгі білім берудегі маңыздылығы және оның мұғалімдер тәжірибесіндегі қолданылысы туралы келелі ойларын ортаға салып, тәжірибе таратудың тамаша ортасы жұмыс істеді.
Конференция соңында әдістемесімен бөлісіп, іс-тәжірибесін таратқан педагогтерге сертификаттар берілді.