АСТАНА ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ «БІРТҰТАС ТӘРБИЕ» БАҒДАРЛАМАСЫН БЕЛСЕНДІ ЖҮРГІЗУДЕ

Астана қаласының білім беру ұйымдары «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында жұмыс істеуді бастап кетті. Мысалы қаладағы N91 мектеп-гимназиясы осы бағдарлама аясындағы жобаларды белсенді ұйымдастырып жатыр. Бүгінде мектепте киіз үй, инклюзивті қолдау кабинеті, арт зона және дебат клубы бар. Мұның барлығы да ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оқушылар арасында патриоттық сананы қалыптастыру мақсатында ашылған.

Білім ордасындағы киіз үйде ашық сабақ, тәрбие сағаттары мен кездесулер өтеді. Инклюзивті қолдау кабинетінде мектептегі еріктілер клубы Республикалық «Менің бауырым» жобасы аясында ұлттық ойындар, спорттық үстел ойындарын ұйымдастырады. Ал арт — зона мен дебат клубы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, қазақ тілін дамытуға арналған шаралар мен тәрбие сағаттарын өткізуге арналған.

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізінде оқушылар әр жұмада мектепке ұлттық киіммен келеді. Ұлттық құндылықтарға арналған бұл күн мереке іспетті тойланып, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар кеңінен насихатталады.
Қоңырау кезінде күй тартылып, оқушылар ұлттық биді билейді. Сондай-ақ, ұлттық ойындар ойнап, еңбек сабағында қазақтың әшекей бұйымдарын дайындайды.

Жас ұрпақтың санасына ұлтжандылықты сіңіріп, Отанға деген махаббатты арттыруға арналған бұл жоба Астана қаласының барлық мектебінде жалғасып жатыр. Бұл тұрғыда Астана қаласының Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Жангелді Қуандықұлы өз пікірін білдірді.

  • Біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі мақсатының бірі — балалардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыра отырып, елін сүйетін, ата — анасын сыйлайтын жан-жақты үйлесімді тұлға қалыптастыру. Біртұтас деп атауымыздың себебі де осы. Бұл жерде тәрбие мен білімді бөліп алмаған дұрыс, өйткені тәрбие де оқу процесінің ажырамас бөлігі.- деді Жангелді Қуандықұлы.

Айта кетейік, білім беру ұйымдарына былтырдан бастап енгізілген бағдарлама биыл жаңарған әдіспен жүзеге асып жатыр.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *