2024 жылдың 18 сәуірінде Әдістемелік орталығының «Мамандықтар академиясы» жобасы аясында Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Цифрлық трансформация: заманауи қоғам және конвергентті технологиялар» қалалық NTechK конференциясы өтті.
Өткізу мақсаты: когнитивті ақпараттық технологиялардың озық идеяларымен және тәжірибелерімен таныстыру және IT- саласы мамандарды дайындау сапасын арттыру.
NTechK конференциясының диалогтық алаңында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Н.С.Ахметова, Қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығының вице-президенті Қ.Т.Нупбаев, , «Киберқауіпсіздік кәсіпқойлары қоғамы» ҚБ төрағасы В.К.Ли., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті PhD докторы Жукабаева Т.К. сөз сөйледі.
Диалог алаңында білікті кадрларды даярлауда болашақтың ІТ-құзыреттері мен дағдыларын дамытудың маңыздылығы, ІТ мәселелерін шешу, сыни тұрғыдан ойлау және когнитивті ақпараттық технологияларды пайдалана отырып ынтымақтастық, цифрлық технологияларды пайдаланудың этикалық және құқықтық аспектілері, жасанды интеллекттің рөлі және білім берудегі цифрлық технологиялар бойынша мәселері талқыланды.
NTechK конференциясының практикалық бөлімінде оқытушылар мен студенттерге оқу үдерісінде жасанды интеллектті қолдануды үйрету бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, Python бағдарламалау тілінің фреймворктары көрсетіліп, әлеуметтік желілерде табысты коммуникация құрудың тиімді жолдары көрсетілді.
Шеберлік сыныптарында «Y-SOFT» компаниясының директоры IT-сарапшы және IT-кәсіпкер Омарбек Әмір, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МҚКК ақпараттық технологиялар бөлімінің әдіскерлері Сыдықова Р.М. және Матай Әділ, Жоғары көлік және коммуникация колледжінің арнайы пән оқытушысы, «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша оқытушылар қауымдастығының төрағасы Бабаева Ш. М., Сервис және туризм колледж директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары Есенбекова А.Е. жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шараға барлығы 80-нен астам «Информатика» пәнінің оқытушылары, «Ақпараттық технологиялар» және «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша арнайы пән оқытушылары және колледж студенттері қатысты.