2024 жылғы 17 сәуір күні Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК жоспарына сәйкес «Педагогикалық сабақтастық» жобасы аясында педагогтердің балабақша, мектеп және ата-ана арасындағы сабақтастық жұмысын жандандыруға ықпал ету, ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін анықтау бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Балабақша мен мектеп арасындағы педагогикалық сабақтастықтың тиімділігі» атты қалалық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Байқоңыр, Нұра, Есіл аудандары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлері, мектепалды топ тәрбиешілері, орта білім беру ұйымдарының бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.
Басқосу барысында Әдістемелік орталықтың мектепке дейінгі білім беру бөлімінің әдіскері Әзімбай Бибігүл Кәрімбердіқызы «Білім беру округтерін құру туралы» Астана қаласы Білім басқармасының 2024 жылғы 7 наурыздағы №388 бұйрығымен таныстырып, балабақша мен мектеп мұғалімдері арасындағы сабақтастық маңызы туралы сөз сөйледі.
Үлгілік оқу бағдарламасы негізінде мектепке келген 1 сынып оқушысына қойылатын талаптарды Абай Құнанбайұлы атындағы № 87 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Кенесова Азиза Жумабековна түсіндірді.
№ 11 «Гауһар» балабақшасының әдіскері Амирханова Айнур Амангелдиевна балабақша мен мектеп педагогтері арасындағы бірлескен жұмыс түрлерін көрсетіп, іс-тәжірибесімен бөлісті.
№ 94 «Сұңқар» балабақшасының тәрбиешісі Абилда Гулбала Нұрланқызы «Баланың жеке даму картасын мұғалім мен тәрбиешінің бірлесе зерделеуі», №73 «Аяулым» балабақшасының әдіскері Рыстыбаева Гулфайруз Тукбергеновна «Мектепке дейінгі мекеме мен бастауыш буын арасындағы сабақтастық» тақырыбында шебер-сынып өткізді.
Отырыс соңында қорытынды шығарылып, педагогтер өз ой-пікірлері және ұсыныстарымен бөлісті. «Педагогтер сабақтастығы» жобасы бойынша жұмыс жалғасады.