Қ.Бітібаеваның ұстаздық тұлғасы

2023 жылдың 22 желтоқсан күні №64 мектеп-лицейінде «Қ. Бітібаеваның ұстаздық түлғасы» атты қалалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Астана қаласы «Әдістемелік орталығы» МКҚК әдіскері Ж. Маман, №64 мектеп-лицейіндегі ғылыми-әдістемелік зертхана мұғалімдері ұйымдастырды. Дәуірдің дара ұстазы, Қазақтың Қанипасы атанған ардақты ұстаз Бітібаева Қанипа Омарғалиқызына арналған дөңгелек үстел мақсаты: қазақ әдебиетін оқытуда ұстаз технологиясын жаңа білім мазмұнымен ұштастыра қолданып жүрген педагогтердің іс-тәжірибесін тарату, ұстаздың әдебиетті оқытудағы ерен еңбектерін насихаттау болды. Іс-шараға «Қ.Бітібаева әдістемесі» шығармашылық тобы мүшелері  мен әдебиеті пәні мұғалімдері және «Құрмет» ордені иегері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген мұғалімі, құрметті профессор, академик   Қанипа Бітібаеваның шәкірті Өскемен қаласындағы Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі, Республикалық «Үздік педагог-2023» жеңімпазы, Қ. Бітібаеваның атындағы зертхана меңгерушісі, PhD докторант Мұқашева Меруерт Қозықанқызы қатысты. Дөңгелек үстел екі бөлімнен тұрды.

Бірінші бөлімде – шараның ашылуы мектебіміздегі ұстаз атына берілген зертхана бөлімшесінде басталды. Сөз басын мектебіміздің директоры Б.А. Баймуратова бастады. Осы кезекте Қ. Бітібаеваға атындағы ғылыми-практикалық зертхана бөлімшесінің   жұмысын таныстыру мақсатында  Г.А. Букенова сөз алды: «Бітібаева шеберханасы 2011 жылдан бастап жұмыс істейді. Зертхананың ашылу салтанатына Хан апамыздың өзі қатысып, қызыл лентаны қию құрметі де өзіне бұйырған еді. Сол уақыттан бастап зертхана өз жұмысын жалғастырып келеді. Қазіргі уақытта да зертханада түрлі әдістемелік, ғылыми-практикалық жұмыстар жүргізілуде. Қ.Бітібаеваның оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу бағытындағы сабақтардың әдістемесі мен технологияларын ұстаздар қауымы өз тәжірибелерінде қолданып келеді. Ұтымды әдіс-тәсілдерін басшылыққа ала отырып, сабақ үрдісінде қолдана білген Қ.О.Бітібаеваның технологиясы – ұстаздарға таптырмас тәсіл. Сабақты жан-жақты ойластырып, уысында ұстай білген адамның ұтары көп» деп, дөңгелек үстелге келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп  сөзін қорытындылады.

Екінші бөлімде – Қ.Бітібаеваның оқыту технологиясын негізге ала отырып, ұстаздар тәжірибесінен    баяндамалары ұсынылды. Осы кезеңде «Әдістемелік орталығы» МКҚК әдіскері Ж.С.Маман алғашқы сөзді бастады. «Бітібаева мұрасы – қазақ әдебиетін оқытудың шамшырағы» тақырыбында әңгіме өрбітті: «Қ. Бітібаева еңбегі – әдебиет сабағынан беретін мұғалімдер үшін құнды дүние. Жалпы әдебиет сабағы «жаңартылған білім» деп қатып қалған қағидаға сүйеніп қалған сабақ емес, өнер сабағы» деген келелі ой салды. Келесі сөз Қ. Бітібаеваның шәкірті Меруерт Қозықанқызына берілді. «Қ. Бітібаеваның оқыту технологиялары» тақырыбында сөйлеген шәкірт Қ. Бітібаеваның ұстаздық кезеңін сағынышпен еске алды. Оның болмысын, мінезінің қандай болғанын, қалай тәрбиелегенін тебірене жеткізді: «Ұстамыздың санамыздан өшпейтін, өмірлік сабақ боп сақталып қалған сөздері бар. Қ. Бітібаева тек ұстаз ғана емес, бала жанының психологі еді. Осындай болмыс, осындай ерекше мінез – қазіргі мұғалімдердің әрқайсысына керек деп ойлаймын» деп, сөзін қорытындылады. Семинардың екінші бөлімін «Әдістемелік орталығы» МКҚК әдіскері Ж.С.Маман Бітібаева технологиясына негізделген шебер-сабақ өткізу, Бітібаеваның әдістемесімен жұмыс жасайтын шығармашылық топтың жұмысын республика көлемінде жаңғырту турасындағы мәселелерге тоқтала келе, келген қонаққа алғысын білдіріп, республика бойынша Бітібаева орталықтары, кабинеттерімен бірігіп жылдық жоспар құрып, ынтымақтастықта жұмыс атқару керектігін айтып қорытындылады. Дөңгелек үстелге жиналған ұстаздар қауымы өзара пікір бөлісіп, болашаққа бағыт-бағдар алып, жақсы көңіл-күймен тарасты.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған