РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КЕҢЕСТЕ МЕКТЕПШІЛІК БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ ТАҚЫЛАНДЫ

   Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы мен №90 мектеп-гимназиясы 20 қазан 2023 жылы мектеп мұғалімдеріне арнап «Мектепішілік бақылау жүйесіне әдістемелік қолдау көрсету» тақырыбында республикалық кеңес ұйымдастырды. Оған Оқу ағарту министрлігі, Білім басқармасы, Әдістемелік орталығының басшылары және мектеп директорлары, өңірден келген мұғалімдер қатысты. Мектеп директоры Гүлжанат Асанқызы Абдраманова қатысушыларды алдымен мектептің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Замануи техникалармен жабдықталған кабинеттер ұстаздарға ерекше әсер қалдырды.
      Оқу-ағарту министрлігі сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Майра Тұрғанбайқызы Мелдебекова кеңесте мектептің тарихына қысқаша тоқталып, оның бұрыңғы басшысы Ербол Іргебаев туралы естелік әңгімелер айтып, оның еңбегі кейінгілерге үлгі деді. Сөз соңында кеңеске қатысушы ұстаздарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ басқосуда білім саласының спикерлері мектепшілік бақылау жүйесінің маңыздылығына тоқталды. Сөз кезегінде Білім басқармасының Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Аманкелдиева Аманкелдіқызы білім беру ордаларындағы білім беру қызметіне, оның ішінде сапасына мән беру керектігін баса айтты. «Ұстаздар білім беруді былай қойып, сағат санап кетті, сондықтан алдымен мұғалімдердің қызығушылығын арттыру керек, сапалы білім болу үшін жүйелі жұмыс істеу керек», – деді. Келесі сөз алған Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби дамыту орталығының директоры Еркебұлан Әлімханұлы Жұмашев мектепшілік бақылау жұмыстарына бей-жай қарамай, оқу процесіне, тәрбие жұмысын бақылау керектігін сөз етті. Мұғалімнің жұмыс сапасы, оқушылардың білімі, олардың тәрбиесі сапаны басқарудың кешенді бағдарламалары педагогикалық процесті мектепішілік басқарудың тиімділігі тұрғысынан зерттелуін алға тартты. Сапалы білім болу үшін ұстаздардың білімін жетілдіру әрдайым күн тәртібіндегі мәселе болып тұр. Олардың біліктілігін көтеруде, әдістемелік көмек беру жөнінде Әдістемелік орталықтың басшысы Сындар Мұратқызы Дауешова орталықтың негізгі атқаратын жұмыстарын айта отырып, ұстаздарға әдістемелік қолдау көрсетіп, олардың шеберлік деңгейін бақылауға күш салатындығын жеткізді. 
        Жалпы жиында сапалы  білімге қызмет ету, мұғалімнің әдістемелік дайындығының жай-күйін бақылау, педагогтерді және білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау, мектепішілік бақылауды жоспарлау: кедергілер мен ұсыныстар, оқу процесінің сапасын бақылау тақырыптары туралы сөз қозғалды.
        Кеңес III панельдік сессиядан тұрды. I панельде Оқу процесін бақылау. Оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыруы бойынша үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс істеу болса, II панельде Оқу-зерттеу қызметі. Мұғалімдердің шеберлік деңгейін, әдістемелік дайындығының жай-күйін бақылау және III панельде Тәрбие процесінің сапасын, іс-шаралар өткізуді бақылау. Міне осы 3 бағыттағы сессияда педагогтерге шеберлік сыныптары өткізіліп, олар өзара пікір алмасты, тәжірбиелерімен бөлісті. Бұл ұстаздардың білімін арттыруға, дамытуға зор ықпал етпек.
       Іс-шараның мақсаты – ұстаздардың кәсіби білімін арттыру, әлеуетін қалыптастыру, оларға әдістемелік қолдау көрсету және мектепшілік бақылауды жоспарлау, оқытуда кедергі тудыратын факторларды айқындау, оны жою жолдарын анықтау.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған