Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК ұйымдастыруымен педагогтер қауымдастығының жоспарына сәйкес 2023 жылғы 10 қазан күні №90 «Еркежан» балабақшасында «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын іске асырудағы жаңа тәсілдер» тақырыбында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жас әдіскерлеріне семинар-практикум өтті.
Семинар 2023-2024 оқу жылында тәрбиелеу мен білім беру процесінің ерекшеліктерімен таныстыру, мектепке дейінгі ұйымның жас әдіскерлеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында өтті.
Семинар барысында мектепке дейінгі білім беру бөлімінің әдіскері Қ.Көшен 2023-2024 оқу жылында тәрбиелеу мен білім беру процесін ұйымдастыру туралы әдістемелік нұсқаулық хатты толық таныстырып өтті. Әдіскерлер ассоциациясының жетекшісі Сарсенбаева Гульмира Байдаққызы және
№4 «Аружан» балабақшасының әдіскері Жапашева Айсулу Мухамедовна «Балабақшадағы тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңартуда оқу-тәрбие үрдісінің жасалу бағыттары», «Мектеп жасына дейінгі балалардың түрлі жас ерекшеліктерін ескере отырып, даму деңгейлерін бақылау бойынша мониторинг жүргізу», тақырыптарында шебер сынып көрсетті.
Сонымен қатар, №47 «Ақ желкен» балабақшасының психологі Хасанова Айгерим Сериковна «Эмоциялық көңіл-күй» психологиялық тренингін ұйымдастырды.
Семинарға елордалық мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарының жас әдіскерлері қатысты.