ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР

Чехия мемлекетінің Прага қаласында 2023 жылдың 11-17 мамыр аралығында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мамандарына арналған «Чехиядағы мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі инклюзивті білім берудің ерекшеліктері. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс» халықаралық семинары өтіп жатыр. Астана қаласының мамандары үшін Чехия мемлекеті үздік тәжірибелерімен бөлісіп, жұмыс алаңдарын ұйымдастыруда. Оқыту барысында білікті тренерлер мен педагогтер Чехия мемлекетінің білім беру жүйесімен таныстырып, барлық балаларға арналған тең білім беру мүмкіндіктерін жүзеге асыру тәжірибелерін көрсетіп жатыр. Мектепке дейінгі білім беру жүйесі, инклюзивті білім, арнайы білім, ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған тақырыптарда өзекті мәселелер қозғалуда. Сонымен қатар оқыту барысында күнделікті білім беру тәжірибесімен таныстыру жұмыстары, лекциялар, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бару мен шебер сыныптарға қатысу мүмкіндіктері бар. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бару барысында Прага қаласы балабақшаларының тәрбиешілерімен, меңгерушілерімен әңгімелесу  барысында олардың педагогикалық тәжірибелері, әдістемелері мен технологиялары бойынша өзекті сұрақтарына жауап алды. Бұл іс-сапардың ерекшелігі және маңыздылығы – іс-шаралар Прага қаласындағы алдыңғы қатарлы балабақша базаларында жоспарланған. Семинар барысында, толық ақпаратпен қамтылып  қана қоймай, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасаудың ұтымдылығы, оларды жетілдіру жолдарымен тікелей  танысуға мүмкіндік жасалған. Астана қаласы балабақшаларының мамандары – Біздің негізгі мақсат – тәжірибе алмасу барысында алған білімімізбен әріптестерімізбен бөлісіп, қажеттілігіне қарай білім беру процесінде жүзеге асыру деп отыр.

Прага қаласындағы «Sugar  Cube»  балабақшасында қолданылатын «KIKUS,» әдістемесіне ерекше көңіл бөліп, өз қоржындарына алғандарын айтады. Осы әдістемені қолдану жолдарымен, негізгі мақсат – міндеттерімен танысу барысында шебер сыныптар өткізілді. Шебер сыныпта жұмыс жасау барысында жүйелі, бірізділікпен қажет ақпараттар берілді. Бұл әдістеменің маңыздылығы – тілді меңгеру және дамытуда өте ұтымды әдіс болып табылады.  KIKUS сөзінің мағынасы – неміс тілінен тікелей  аударғанда «Бала –  мәдениет пен тілде»,  яғни тілді меңгеру мәдениетті бойға сіңіру арқылы  деп те айтуға болады.  «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» – демекші, ана тілімізді баланың бойына мектеп жасына дейін өз мәдениетіміз, ұлттық салт-дәстүрлеріміз арқылы  дарыта алсақ абзал. Жалаң тілді жадында сақтап қалу  үшін мәдени кодтың маңызы өте зор.

Прага қаласының мектепке дейінгі мекемелерінде KIKUS оқыту әдістемесін көп тілді ортадағы баланың ана тілін  сақтап қалуда ұтымды пайдаланып отырғанына пайдалы. Сондай ақ,  ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасаудың ұтымды түрлерімен танысып, қоржындарын сан-түрлі әдіс-тәсілдермен толықтыру үшін әріптестеріміз жақсы мүмкіндік алып отыр.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған