Ресурстық орталық – Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беруді дамытудың бастамасы

2023 жылғы 21 сәуір күні Астана қаласының Ы. Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясында  Астана қаласының Білім басқармасы мен Әдістемелік орталығының қолдауымен «Ресурстық орталық – Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беруді дамытудың бастамасы» тақырыбында  республикалық семинар өтті.

Семинар ұйымдастырушысы: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ.

Семинарға республиканың барлық өңірлерінен облыстық инклюзивті тәжірибелерді дамыту ресурстық орталықтарының басшылары, білім басқармаларының орынбасарлары мен мамандары, арнайы және инклюзивті білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін облыстық әдістемелік кабинеттердің әдіскерлері қатысты.

Семинарды ұйымдастырудағы басты мақсат:  ресурстық орталықтардың қызметін жетілдіру, тәжірибе алмасу, тәжірибеге бағдарланған алаң құру.

Іс-шара барысында Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары жалпы білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы жағдай  жасау мен инклюзивті практиканы дамытудың ресурстық орталықтарындағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу  қызметін ұйымдастыру бойынша толық, әрі жан-жақты ұсыныстар берсе, өңірлерден келген тәжірибелі педагогтер ресурстық орталықтардың жұмысы бойынша озық  тәжірибелерімен бөлісті.

Қатысушылары Астана қаласы бойынша ресурстық орталық – №83 мектеп-гимназиясы жұмысымен танысып, арнайы мамандар мен пән мұғалімдерінің сабақтарына қатысты.

Семинар соңында ұйымдастырылған дөңгелек үстел аясында ресурстық орталықтарда жұмыс барысында туындаған мәселелер талқыланып, бірқатар ұсыныстар қабылданды.

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған